Ей өлім!
Ей өлім!

Ей өлім, бар болғаның қандай жақсы. Сен болмаған əлемде өмір сүруді қаламаймын. Ондай əлем, өмір сүруге лайықты емес. Ойлашы ей өлім, Егер сен өліп қалсаң, адамдардың барлығы мəңгі ғұмыр кешсе, бұл жалған дүниенің халі қандай болмақ? Адами азғындықты кім тоқтатады? Адамның ашкөздігін не қанағаттандыра алады? Азғындарды, залымдарды, адасқандарды, сатқындарды, дүниені жалпағынан басып, ойына келгенін істеп, өлместей болып жүрген жауапсыздарды кім тоқтатар еді?

Немруттардан мезі болсақ "өлім бар" деп жұбанамыз. Ферғауынның зұлымдығына тойған сəттерде "өлім бар" деп жұбанамыз.
Залымдардың азуына іліккен кезде "өлім бар" деп жұбанамыз. Дүниеде қарақшылар үкімін жүргізіп жатса "өлім бар" деп жұбанамыз. Ал сен болмасаң біз нені жұбаныш етеміз?

Жоқ, дұрыс түсін. Бізге жұбаныш болатын сенің өз болмысыңның барлығы емес, нағыз жұбанышты сен арқылы келетін есеп күнінен іздейміз. Соны біл. Біз, өлімді үлкен, əділ сотқа шығатын бір жол деп білеміз. Сен арқылы жұбануымыздың негізгі себебі: "Құдайдың əділдігіне" деген сеніміміз. Сен тек қана бізді сол "əділетке" жақындататын құрал ғанасың.

Ей өлім, сенің келуіңе дайын болмағандар сені жаман етіп көрсету үшін қаншама күш-жігерлерін жұмсауда. Олардан сұрағым келеді: сіз неше рет өлдіңіз? Өлімді қаншалықты жақын танисыз? Өлімді жамандауға қандай сылтауыңыз бар? 

 
Сен барлығына сөйле ей өлім. Сен сөйлеген кезде өзгелердің үні өшер. Алайда, ақыретке жақын бір топ пайда болады. Сен сөйлесеңде, тіпті айғайласаңда сенімен жағаласып, дауыстарын жоғарлатқан, мағынасыз даңғазамен сенің үніңді тұмшалағылары келген топ. Бұндай топтағы адамдардың да өлімге жолығатындығын білген бізге тағы бір жұбаныш.
Төле би ҒалымұлыТөле би Ғалымұлы
5 жыл бұрын 5980
0 пікір
Блог туралы