Өтірік-шынды əңгіме
Өтірік-шынды əңгіме
Х - ғасырдың басы еді. Заманның тарлығынан, биліктің қорлығынан қашып, адал басшы, əділ билік іздеп, Қазақстаннан кетпек болдым. Қасымда бір аппозиционер серігім бар. Білгіштердің айтуы бойынша жеті тау ассаң билігі əділ болған, бергені тек дұрыс əмір болған, халқы бақытты, жағдайлары жақұтты бір ел бар. Мақсатымыз, сол елге жетіп бақ табу.  Торғайды сойып азық етіп, шыбықты атымызға қазық етіп, өрмекшінің торынан арқан есіп, шыбынның қанатын құрап қалқан етіп, арбамызды айдап, найзамызды  сайлап  жолға шықтық. Айлап жүріп үш қыр асқаннан соң жол дорбамыз босай бастады. Төртінші қырға көтерілгенде мүлдем босап қалды. Қанша жүрсекте бір бұлақ көзін кездестірмедік, жуыну тұрмақ ішуге су таппасқа айналдық. Киімімізде дал-дал болып жыртылып, киетін жері қалмаған. Саймандарымыз сынған. Шаршап-шалдығып, терге малшынып, тынысым тарылып кетті. Жанымда тұрған тастың үстіне жатып тынығып алуға бел будым. Жапырақ жамылып, жата кеттім. Жұп-жұмсақ тас денеме майдай жағып мүлгіп кетіппін. Аз уақыт өтті ме, көп уақыт өтті ме білмеймін, оянып, тастың үстінде тікемнен тік тұрып жан-жағыма көз тастадым.  Дұрыс көрінбеген соң жұдырығымды жұмып дүрбі жасап жібердім де тағы қарадым. Бір ағаштың астында көкпеңбек болып бір көл жатыр. Қуанып кеттім. Тіпті тілім байланып қалды. Есім кетіп есіріп, шомылғым келіп шешініп, суға жетіп бардымда, шолп ете түстім секіріп. Шалқалай да жүздім, айқайлай да жүздім. Бір кезде аштық шыдатпай бара жатқанын сездім. Азығымыз таусылған, суымыз бітіп сарқылған. Соны ойлаған сайын өксік келеді алқымға. Жағаға шығып ойланып отырмын, су табылды, енді азық керек. Сөйтіп отырғанымда  бір серке санды ақ қоян беймарал келіп, көл жағасынан су ішіп тұр. "Əп бəлем іздегенім өзі келіп жолықты" - дедім де мүйізінен шап беріп ұстай алдым. Бұлқынғанына да жұлқынғанына да қарамадым. Апарып серігімнің алдына тастадым. Күрек  тісін  кетпен қылып, терін илеп шекпен қылып, басын үйітіп, сүтін ұйытып аптаның сегіз күнінде соны қорек қылдық. Содан не керек, жеті қыр асып айтқан еліне де келдік. Күткеніміздей болды. Көрген рахатты тілмен айтып жеткізе алмайсың. Не ішемін не жеймін демейсің, бəрі алдыңда. Жағдайдың барлығы жасалған. Ас бөлмеге кіріп стөлге отырсаң алдыңа ас əкеліп қойып, қасықпен жегізіп, аузыңды сүртіп тұрғызып жіберетін құрылғылары да бар. Бұл тек біреу ғана. Торғай сойып жеуді ұмыттық. Оған тіпті тоймаймыз. Тасқа да жатып ұйықтамаймыз. Мамық төсектері мақтадан да жұмсақ. Бір күні туған жерді еске алмақшы болып аулада тұрған үлкен тастың біреуіне жантая кеттім. Қаттылығы сонша қабырғамды қайыстырып жіберді. Тастары не деген қатты деп қоям. Осылайша екі жылымыз еш уайымсыз өтті. Тіпті ойланудың да қажеті жоқ. Өзің ұйықтап оянсаң болды. Қалған тірлігің шешіліп қойған. Екі жылдан кейін одан да жалыға бастадық. Жуындырып шəй беретін, нанға жағып май беретін құрылғылары баяу істейтін сияқты. Билікте отырған адамдары жағдайымызды сұрап үйге келсе бізге жалпақтағандай көрінеді. Оларды біз жақтырмайтын болдық. Бізге жағымпазданып жүргендей көрінді.  Сонымен серігіміз екеуміз ол жер біз іздеген "Жерұйық" емес деп ұйғардық. Одан да жақсы мекен іздемекке бел будық. Бірақ елді сағынғандықтан алдымен туған жерге барып, елмен қауышып кетуді ойладық. Жүгімізді жинап ауылға тартып отырдық. Біздің келгенімізді естіп жұрт жиылды. Қаумалаған адамдар қалың сұрақтың астына ала бастады.
-Ей неге келдіңдер? Халқы сыйдырмады ма?
-Жоқ, халқы қонақжай жақсы жұрт екен. 
-Билігі қысым көрсетті ме? "Шет елдіктер" деп?
-"Жоқ, билігінде бөле- жару жоқ, бəрімізге тең қарады. Бірақ бізге жалпақтап, жағымпазданып жүр "деп қоямыз.
-Жалпақтайтындай сендерден не күтсін олар- дейді біреуі.
-Енді не болды? Ақыларыңды жедіме? 
-Ол да емес, қылдай қиянат жасамады. Тіпті ақшаны артығымен беріп əуреге салды. Қайда жұмсарыңды білмейсің дедік. Жұрт біздің көңіліміздің толмау себебін түсіне алмай дал болды. Соңында бізді "жынданған" деген диагноз қойып, ақымаққа теңей бастады. Сол кезде араларынан Ахметбек деген ақсақал шығып мəн жайды түсіндірді. " Хоршо там где нас нет" деп бастады ол сөзін. Адам баласының көзі сондай тойымсыз болады. Тек жақсылық жасала берсе жақсылық жасаушыдан кемшілк іздей бастайды. Қай елге барсаңдар да баз кешіп келетіндеріңе сенімдімін. Одан да сендер менің "Қанағат қарын тойғызар" атты тренингіме қатысыңдар,  деп визиткасын берді...
Төле би ҒалымұлыТөле би Ғалымұлы
6 лет назад 2656
0 комментариев
О блоге